Біздің балабақша – мейірімге, білімге, тәрбиеге жол ашар мекеме.
«Райхангүлі» бөбекжай-бақшасының тарихы
Қолда бар деректер бойынша, аудан көлемінде ертелі-кеш маусымдық жұмыста болған аналар үшін алғашқы балабақша 1934 жылы Бақсай ауылдық кеңесі аумағында, “Айғыршығанақта” ашылған. Ол кезде “Айғыршығанақ” – Бақсай мен Новобогат аудандары кеңшарларының егін өсіретін аймағы болатын. Алғашқы басшысы болып Қ.Қабдолов тағайындалды.
Егісте жұмыс істейтін аналар балаларын таңертең ерте әкеліп, кешке бір-ақ алатын. Меңгерушіден басқа бір адам әрі аспаз, әрі тазалықшы қызметін атқарды. 1934 жылдың қарашасы мен 1935 жылдың сәуір айлары арасында балабақша уақытша жабылды.
1944–1946 жылдары “Айғыршығанақтағы” балабақша жазда киіз үйде, қыста жер пәтерде жұмыс істеді. 1946–1948 жылдары ол Бақсай өзегінің сол жағындағы Чабанский ауылына көшіріліп, меңгерушілік қызметті Қалилаш Әлиева атқарды. Балабақша тек жаз айларында жұмыс істейтін.
1965 жылға дейін меңгерушісі Роза Тәженова болды. 1965–1970 жылдары бала саны 40-қа жетіп, меңгерушілікті Болдық Байқұтова атқарды. Осы кезеңде онымен бірге Күнжамал Шалағұлова, Күбира Кәкиева, Гүлзия Емуланова, Оңай Шыңғарова еңбек етті. 1970–1972 жылдары балабақшаға Маруся Аташева, 1972–1980 жылдары Бақыт Хафизова, ал 1980–1992 жылдары Мүлкат Мұқатова басшылық жасады.
Кезінде «Бақсай» қаракөл кеңшарының қарамағында болған балабақша 1995 жылы 1 наурызда аудан әкімінің №172 қаулысы негізінде аудандық білім бөліміне берілді. 1999 жылы «Бақсай» балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын «Райхан гүлі» балабақшасы болып өзгертілді.
1992–2003 жылдары балабақшаның меңгерушісі Райхан Ермекова болды. 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін балабақшаны жоғары білімді маман Құмарова Биғайша Қабижанқызы басқарып келеді. Аудан әкімінің 2008 жылғы 14 қаңтардағы №2 шешімімен «Райхан гүлі» балабақшасы қайта құрылды.
Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында 2012 жылы балабақшада қосымша бір топ ашылып, бала саны 65-ке жетті, топ саны – 3 болды. 2015 жылғы 28 қазандағы аудан әкімінің №475 қаулысымен «Райхан гүлі» бөбекжайы болып өзгертілді.
Атырау облысы Қаржы басқармасының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №175 бұйрығымен мекеме «Атырау облысы Білім беру басқармасының Махамбет ауданы білім бөлімінің «Райхан гүлі» бөбекжай-бақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
2024 жылы «Нұр» жеке кәсіпкері жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша екі топ ашылды. 25 бала қабылданып, топ саны – 5-ке, жалпы бала саны – 90-ға толықты. Қызметкерлер саны 31-ге жетті.
Бүгінде біздің бөбекжай-бақша – Бақсай ауылдық округі мен оның орталығы Таңдай ауылындағы халыққа сапалы қызмет етіп жатқан өзіндік тарихы бар мемлекеттік мекеме.